Ақмолада суицид жасағандар енді бөлек жерленбек — KazInfo Today
close

Ақмолада суицид жасағандар енді бөлек жерленбек

87b4b72b855f004bee27db1301db8ae6

Ақмола облысында өз-өзіне қол жұмсағандарды басқа, бөлек жерге жерлеу қолға алына бастапты, — деп хабарлайды Sn.kz.

Бұл Көкшетау маңындағы Красный Яр елді мекені имамының бастамасы. Алғашқы жылдары мұндай шешімді түсінбеген халық шу шығарып, біраз наразылықтарын да білдірген. Бірақ, имам суицидті азайтып, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында осындай шешім қабылдадық дейді.

Красный Яр ауылындағы зираттың ең шетіндегі молада жерленген бойжеткен 2010 жылы қайтыс болыпты. Небәрі 18 жастағы бір үйдің жалғыз қызы оқып жүрген колледждің жатақханасында өз-өзіне қол жұмсаған. Өкініштісі уақыт өткен сайын бұл жердегі молалардың қатары қалыңдап келеді. Мезгілсіз өлімнен көз жұмғандардың басым бөлігі жастар. Жалпы, жас болсын, кәрі болсын, адам баласы өз-өзіне қол жұмсауы үлкен қате. Шариғатқа сүйеніп, бөлек жерлеудің басты себебі де осы дейді имам.

“Әбу ханифа мұны үлкен күнә деп есептеп, жаназасын шығарады. Бірақ, бұның жаназасын фәтуа бойынша әкімдер, патшалар, имамдар шығармайды. Қатардағы намазхан адамдар шығарады. Себебі, халыққа бұл жек көрінішті амал екенін көрсету мақсатында”, – дейді Красный Яр мешітінің бас имамы.

Науан Мүтәлұлының айтуынша, өз-өзіне қол жұмсағандардың бөлек жерленетінін көріп, суицид жасау туралы ойынан бас тартқандар да болыпты.

“Бір әйел баласы 7 жасқа толғаннан кейін, күйеуімнің артынан кетем деген шешім қабылдаған. Бірақ, осы өз-өзіне қол жұмсаған қыздың жаназасында өз-өзіне қол жұмсаған дұрыс еместігін естігеннен кейін райынан қайтып, тәубесіне келген”, – дейді Красный Яр мешітінің бас имамы Науан Мүтәліұлы.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, еліміз жас балалардың суицид жасауынан тоғызыншы орынға тұрақтаса, 15-29 жас аралығындағы азаматтардың өз-өзіне қол жұмсауы бойынша Үндістан, Солтүстік Корея, Зимбабведен кейін төртінші орынға жеткен.

“Бұл біздің балаларымыздың, біздің болашағымыздың мәселесі. Егер біз қазірдің өзінде суицид бойынша алдыңғы қатарда тұрсақ, ертеңгі күніміздің қандай болатынын ойлаудың өзі қорқынышты. Өз-өзіне қол жұмсаудың басты себебі – отбасындағы жанжал, түсініспеушілік«, – дейді Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының психотерапевт-дәрігері Әлия Нұрғазина.

Суицид жасағандарды бөлек жерлеуге «Ауыл адамдары бастапқыда қарсы шыққанмен, уақыт өте дұрыс екендігіне көздері жетті»,- дейді имам. Мұндағы басты мақсат: суицидтің алдын алу, адамдардың шалыс басуына жол бермеу дейді ол.

Обсудить новость